24.08.2020

Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы қаншалықты ашық жұмсалады – сарапшы пікірі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстандық сарапшылар тобы денсаулық сақтау саласындағы қаражатты жұмсау шаралары қаншалықты ашық жүзеге асырылуда деген мәселе төңірегінде әлеуметтік зерттеу жүргізген. Бұл туралы Денсаулық сақтау бюджеті ашықтығына жүргізілген мониторингі жайында өткен «Antikor.Live бағдарламасында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Экономика және денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселелері жөніндегі сарапшы және консультант Марат Мамаев қазақстандық денсаулық сақтаудың республикалық бюджеттегі үлесі шамамен бір жарым триллион теңгені құрайтынын айтты. Жақында сарапшылар тобы бұл қаражатты жұмсау шараларының ашықтығына байланысты әлеуметтік зерттеу жүргізген.

«Жақында біз «ашықтық және есеп беру» деген қызықты жобамен айналыстық. Барлық сайтты, ашық дереккөздерді, мәліметтер базасына шолу жасап, мониторинг жүргіздік. Біз бюджетті қалыптастыру және игеру кезеңінде ашықтық пен есеп берушілік туралы түсінік жоқ екенін, яғни әрқашан біз қалағандай бола бермейтінін түсіндік», - дейді Марат Мамаев.

Ол зерттеу жұмысы қалай жүзеге асқаны туралы айтты.

«Біз сайтқа кіріп, ақша қайда, қалай жұмсалатынын, жоспарланған қаражаттың игерілуі қандай көлемде жүзеге асып жатқанын қарадық. Зерттеу жүргізу барысында біз бір қызықты нәрсені көрдік: сайттарда «азаматтық бюджет» деп аталатын презентация бар және ол жерде «тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында медициналық көмек көрсету» деп аталатын бір ғана сөйлем мен бір ғана сан жазылып тұруы мүмкін. Басқа ештеңе жоқ. Яғни, презентация түрінде есеп берудің өзі типтік түрде жүзеге аспайды», - дейді Марат Мамаев.