23.09.2020

Көрмеден соң көркі кетті

Осыдан 3-4 жыл бұрын болашақтың энергиясына арналған көрме өткіземіз деп өкпеміз өше жаздаған. Ауқымды іс-шараны абыроймен атқару үшін «Астана EXPO-2017» ұлттық компаниясы құрылғаны есте. Алайда компанияның алғашқы басшылығы ақша жымқырып, абыройымызды айрандай төккені бар. Баламалы энергия көзін басты тақырып еткен көрмеден кейін компания жасыл энергияның жаршысына айналар деген үміт болған. Бірақ былтыр компания атауы өзгертіліп, оған көрмеден кейін босап қалған ғимаратты жалға беру қызметі жүктелді. Осылайша, компания үшін болашақ энергиясы туралы тақырып жабылғандай.


Жаңа компанияның жұмысын қамтамасыз ету үшін ел қазынасына 6,5 миллиард теңге бөлінген. Содан компанияның өркендеп кеткені байқалмайды. Ал биылғы қаржы жылындағы сатып алулар үшін жос­парланған 8 млрд теңгенің қалай игерілгені белгісіз. Себебі компания жариялаған сатып алулардың бар­лығы дерлік өтпеген. Неге?

Иә, былтыр желтоқсанда Үкі­меттің №955 қаулысына сәйкес, «Астана EXPO-2017» ҰК QazExpoCongress ұлттық компаниясы болып өзгертілді. 100% акциясы Сауда және интеграция министрлігіне берілді. Компания аумағы 43 220 шаршы метрлік 3 қабатты «Конгресс-Орта­лық» көпфункционалды, мәдени, ойын-сауық нысанына және «Нұр-Әлем» сферасына иелік етеді делінді. Бірақ Сауда және интеграция ми­нистрлігі бұл компа­нияны мойын­дамай ма, ресми сайтында QazExpoCongress компа­ниясы туралы жақ ашпаған. Ал министрлікке ба­ғынышты басқа ұйымдарды ми­нистрлік сайтынан тез-ақ табасыз. Атап берсек, артық болмас: KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы, Қазақстан метрология институты, Ұлттық аккредиттеу орталығы, QazTrade сауда саясатын дамыту орталығы, Қазақстандық стандарттау және сертификаттау институты, Қазақстан Респуб­ликасының Ресей Федера­циясын­дағы Сауда Өкілдігі. Жетін­шісі – біздің бүгінгі нысанымыздағы Qaz­ExpoCongress ұлттық компа­ниясы. Айтқандай, аталған компа­нияның өзінің ресми сайтынан тұ­шым­ды ақпарат алу да мүмкін емес. Құдды бір жабық компания іспетті.

Integrity Astana ұйымының жетекшісі Жанат Нұрғалиевтің ай­туынша, QazExpoCongress ұлттық компаниясына мақсатты трансферт деп аталатын №065 бюджеттік бағ­­дар­ламасы бар. Осы бағдарламада QazExpoCongress ұлттық компа­ниясының сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және халықаралық экономикалық интег­­рацияны дамыту мәселелері бойын­ша жекеаралық кездесулер өткізуге арналған нысандардың үздіксіз жұ­мыс істеуін қамтамасыз ететіні жа­зылған. Яғни, осы акционерлік қо­ғамның жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік бюджеттен 6,5 мил­­­лиард теңге бөлінген.

Компанияның негізгі қызметі – меншігіндегі жылжымайтын мүлігін жалға беру және басқару, инвестиция тарту, EXPO-2017 инфрақұрылымын ілгерілету, сондай-ақ басқа да ұйым­дастырушылық бағыттар бойын­ша халықаралық мамандан­дырылған көрме аумағын пайда­лануды ұйым­дастыру. Міне, осы жұмысты жүзеге асыру үшін ком­пания 2020 жылға арналған сатып алу жос­парында 8 млрд 16 млн теңгеден астам сома­сында сатып алуды жоспарлады. Оның ішінде тауарлар сатып алу үшін 2,5 млрд теңге, жұмыс үшін 446 млн теңге, ал қызметтер үшін 5 млрд 52 млн теңге қарас­тырылған.

  • Әуелі тауардан бастайық, тауар­дың ішіндегі ең қымбат жоспарланған сатып алу Verint Gold Support пакеті деп аталады, құны 130 млн теңгеден асады! Бұл қандай бағдарлама екенін білу бізге де қызық. Ол үшін осы бағдарламаны жасаған компанияның ресми сайтына жүгінуге болады. Ондағы ақпаратта «Verint – қауіпсіздік және кибер-барлау деректерін жинау мен талдаудың бағдарламалық жа­сақтамасының жетекші әлемдік жет­кізушісі. Біздің интеллектуалды қауіпсіздік өнім­­­деріміздің порт­фолиосын 100-ден астам ел қолда­нады» деп жазылған. Қысқасы, бағдарлама жасаушы компания үкіметтерге, маңызды инфра­құры­лымдарға және бизнеске террористік актілерді, қылмыстар мен кибер­қауіптерді бейтарап­андыруға, алдын алуға көмектеседі екен. «Көрме орта­лығын насихаттай­тын, көрме ғима­раттарын жалға беретін ұлттық ком­па­нияға осындай қымбат кибер-интеллект не үшін қажет деген сұрақ туындайды», – дейді Ж.Нұрғалиев.

Ал сатып алынатын жұмыстың ішіндегі ең қымбаты – 327 млн теңгенің сатып алуы. Бұл сатып алу арқылы компанияға қарасты көрме ғимаратының В1, N1.3, В2.2, В2.4 нысандарын жөндеу қажет болған. Осы тендерді өткізу туралы хабар­ландыру 2019 жылдың 29 қараша­сында жарияланған. Қазіргі таңда (17.09.2020 күнгі жағдай бойынша) сатып алу процесінде қорытынды хаттамалар құрастырылып жатыр деген ақпаратты көз шалады. Алайда жасалған шарт, хаттама туралы ақ­парат жоқ. Кім сатып алса да бұл жұмысты 292 млн теңгеге орындауды ұсынған.

Жалпы, компания сатып алатын қызметтердің басым бөлігі ғимарат­тарды күтіп-ұстау қызметіне байла­нысты. Мысалы, компания биыл инженерлік желілер мен жаб­дық­тарға кешенді қызмет көрсету қыз­меті үшін 954 млн теңге төлеуге дайын болған. Компания осы қыз­метті сатып алу үшін 2019 жылғы 7 қарашада хабар­ландыру жа­риялады, бірақ компа­нияның бас­қарма тө­рағасы орын­басарының 2020 жылғы 14 қараша­дағы бұй­рығымен хабар­ландыру жойылды. Одан кейін атал­ған қыз­метті сатып алу туралы екін­ші хаб­арландыру 2019 жылғы 15 қарашада жіберілгенін көреміз. Ол жерде сатып алу бір ғана әлеуетті жеткізушінің қатысуына бай­ланысты өткізілмеді деп көр­сетілген. Екі хабарландыруда да аталған қызмет үшін 851 млн 816 мың теңге төленетіні жазылған.

Ал көрме нысандарында қауіп­сіздік пен құқықтық тәртіпті қам­тамасыз ету қызметі үшін 749 876 400 теңге жоспарланып, 2019 жылдың 8 қарашасында жарияланған хабар­ландыруда 669 532 500,00 теңге ұсынылды, бірақ сатып алу жалғыз әлеуетті жеткізушінің өтінім беруіне байланысты өтпеді. Бұл сатып алуды өткізу туралы қайта хабарландыру жарияланбаған. Бұдан бөлек, ғимараттардың іші мен іргелес аумағын тазарту бойынша қызметтер (B1, N1.3, B2.2, B2.4, C1.4, C2.4, C3.5, C3.6, C4.5, C4.6, Q1 , Q2, жылжымалы құрылымдар, L, J, Z учаскелері, AIFC аллеясы, жерасты паркинг) үшін 697 млн теңге қарастырылған еді. Компания 2019 жылдың 7 қараша­сында осы қызметті сатып алатыны туралы мемлекеттік сатып алу порта­лында 2 лот бойынша хабарлан­­­дыру жариялады. Онда 2 лот үшін 1 млрд теңге төлейтінін жазған. Алайда бұл сатып алулар да өтпеді.

  • «Қысқа қайырғанда, былтыр біз атаған сатып алулардың ешқайсысы өтпеген, жеңімпаз анықталмаған. Егер сатып алулар өтпесе, онда «бұл қызметтерді қандай компания атқарды?» деген сұрақ туындайды. Бұл жағы белгісіз. Өйткені компания мемлекеттік сатып алу порталындағы сатып алу өтпеген күннің өзінде әлеуетті жеткізушіні бір көзден алса, ол туралы ақпаратты да аталған пор­талға жариялауы керек еді. Бірақ біз порталдан ондай мәліметті көрмей отырмыз», – дейді Ж.Нұрғалиев.

Оның айтуынша, QazExpoCongress компаниясының сатып алу­ларды қайталап өткізген хабар­­лан­ды­руы да көзге түспейді. Ал ком­па­нияның бүгінге дейін жасаған ке­лісімшарт тізілімінде 11 келісім­шарт қана бар. Жалпы, ұлттық компа­ниялар ақпаратқа қол жеткізу туралы заңнамаға сәйкес, сатып алулары туралы ақпараттың барлы­ғын ресми сайтында жариялап оты­руы тиіс. Өкінішке қарай, бұл ком­панияның ресми сайты жұмыс істеп тұрған жоқ. Сайт ашқа­ныңыз­бен, қажет ақ­паратты табу мүмкін емес.

Айтқандай, жыл ортасында Сауда және интеграция министрлігі QazExpoCongress-тің 2024 жылға дейінгі даму стратегиясына ком­пания міндетін кеңейтіп, «сауда инфра­құрылымын дамыту» саласын қосуды ұсы­нып еді. Аталған ұсынысқа сәй­кес, ел аумағында және одан тыс жерлерде отандық тауар өткізу жүйе­сін ұйымдастырады. Бұл жүйеге көтерме ауыл шаруашылығы базары да кіретіні айтылған. 3 жыл бұрын болашақ энергиясын дамытуды көз­деген көрме өткізу үшін құрылған компанияның қызметі әлі нақ­тыланбаған сияқты ма, қалай? Сатып­ алулардың өтпей қалуына да ком­пания бағытының бір ізге түспеуі себеп пе екен? Қалай десек те, ком­пания мен министрлік бұл сұрақ­тың жауабын береді деп сенеміз.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ